top of page
Баймагамбетов.jpg

   Мемлекеттік Рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік Рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе конституциялық заңда белгіленеді (бұл Мемлекеттік Рәміздерге биік мәртебе береді) және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.
      Мемлекеттік рәміздер көне замандардағы ру-тайпаны қорғаушы болып есептелетін тотемдік аң-құстың бейнелерінен, рудың, әулеттің мал-мүлкіне салынған ен-таңбаларынан шыққан. Мыңдаған әскерлер соғыс майданында жаудан өз сарбаздарын ажырату үшін айырым белгілерін пайдаланды. Ортағасырлық Батыс Еуропада бет-жүзіне дейін темір сауытпенқымталған рыцарьлардың кім екенін айыру қажеттілігінен ақсүйектердің әулеттік таңбасы пайда болды. Одан бұрын көптеген көне қалалардың, қала-мемлекеттердің өз таңбалары болғаны тарихтан белгілі. Б.з.б. 3-мыңжылдықта Шумер мемлекеттерінің арыстан басты қыран бейнеленген таңбалары болған. Грекиядағы Афины үкісі, Коринфтің қанатты пырағы,Родостың раушаны, Самостың тауыс құсы , Византияның екі басты қыраны мемлекеттік рәміздерге жатады. Өзін көк бөрінің ұрпағымыз деп санайтын түркі жұрты бөрінің басы бейнеленген көк байрақ ұстаған.
    Қазақ халқында әрбір рудың мал-мүлікке салатын өз таңбасы болды. Соғыс жағдайында межелі жерге әрбір рудың жасағы өз руының таңбасы салынған байрақ ұстап, хан туының астына жиналатын болған. Қазақстантәуелсіздік алғаннан кейін оның мемлекеттік Рәміздері бекітілді;

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы,

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы,

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны.

           Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы

       

 

 

 

 

 

       Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб»)  термині  немістің «erbe» (мұра) деген өзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.

       Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

      Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі   сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

    Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.

    Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

    Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.

    Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

    Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін  әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.

    Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға  деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық.

    Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

 Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Туы

 

    Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны

 

Сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әні: Шәмші Қалдаяқов

 

1. Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

 

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

 

2. Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

 

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

ту
ҚР Мемлекеттік әнұраны -
00:00 / 00:00
unnamed.jpg
Сілтемелер
Без названия (1).jpg
gerb_zho.png
Без названия.jpg
images.jpg
bottom of page